Әділ Ахметов Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Нұр-Сұлтан қалалық Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі, белгілі театр және кино актері.
«Адалдықты, парасаттылықты, мейірімділікті балаға сіңдіру – бұл ата-ананың міндеті. Ол үшін әрбір ата-ана өзінен бастау керек» деп сұхбатын бастаған Әділ Ахметов өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеуде ата-ана рөлінің маңыздылығын атап өтті.
Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына екендігін жеткізді.
Адам бойындағы ең жақсы қасиет – ол адалдық және парасаттылық. Осы екі ұғымға барлық жақсы қасиеттерді тоғыстыруға болатындығын атап өтті.