Құрметті ұстаздар, түлектер және ата-аналар! Сіздерді Соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! - «Абай атындағы No4 лицей-мектебі» КММ

Өмірдің алғашқы сабақтарын үйреткен, қажетті білім берген, қиындықтарды жеңуге үйреткен және нағыз достармен қауыштырған алтын ұямен қимай қоштасатын уақыт келіп жетті. Мінеки, араға жылдар легін салып, кеше ғана бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған біздің ұл-қыздарымызды жүйрік уақыт түлек етіп ұясынан ұшырғалы отыр. Мектеп қашанда жақсылық пен ізгіліктің, парасаттылық пен руханиятқа толы ойдың, таным мен тәрбиелі істердің ордасы болған. Біздің перзенттеріміз де осында өткізген оқушылық өмірлерінде осындай ұлағатты істердің ұшқынын бойына сіңірді, тәлімімен жүрегін суарды, байыпты бағдарын бағыт етіп ұстанды, біліми көкжиегін бойына дарытты. Құрметті ұстаздар, мен осы жолда Сіздерге ешқашан да оңай болмағандығын жақсы түсінемін. Балаларға өз мемлекеті мен қоғамын және де ғасырдан ғасырға жалғасарлық бай мәдениет қалыптастырған өз ұлтын сүюді, қасиетті Тәуелсіздігін құрметтеуді үйреттіңіздер. Құрметті түлектер! Сіздер үлкен өмірге қадам басарда шешуші қадам жасап, мамандық таңдауда үлкен жауапкершілікті сезінудесіздер. Сіздерге уақыт ағымына жедел ілесе алу міндеті жүктелуде. Заманауи біліммен қаруланушылардың өз қоғамдарыңыздағы алғашқы легіндесіздер. Алдағы өмір жолында сіздер алтын ұя мектеп пен қадірлі ұстаздарыңыз жөнінде сан мәрте сағынышқа және мақтанышқа толы сезіммен еске алатын боласыздар. Құрметті түлектер! Баршаңызға шын жүректен бақыт, сәттілік, денсаулық тілеймін! Жетістіктерге жете беріңіздер, өмірде батыл және сенімді болыңыздар. Сәт сапар! Құрметпен, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ.