Бүгін – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. - «Абай атындағы No4 лицей-мектебі» КММ

Бүгін – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.

Көрісу – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн.

Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады.

Тарихшылар мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Бірақ, екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 науырыз -14 наурызға тап келеді. Ол - жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.

Оның қашаннан бері тойланып келе жатқаны туралы нақты ақпарат жоқ. Мерекенің шығу төркіні әлі де егжей-тегжейлі зертеуді, жан-жақты салыстырып, зерделеуді қажет етеді.

Көрісу – татулық, мейірімділік, ізеттілік.

Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, мәні көпке аян. Бұл күні жасы кішілер жасы үлкен әулет мүшелеріне амандық-саулық тілеп, үй-үйді аралайды. Кішкене балалар әр үйден кәде-сый алады. Әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашу керек деген де бар.

Жыл басында бірін-бірі көріп үлгермеген алыстағы туыс-туған жыл ортасына дейін кездесіп, көрісе береді. Бұл – ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеу, ізеттілік пен мейірімге баулу үрдісі.