«ХХІ ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры» облыстық оқу сауаттылығы апталығы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Акимжанова Г.С. онлайн форматта - «Абай атындағы No4 лицей-мектебі» КММ

«ХХІ ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры» облыстық оқу сауаттылығы апталығы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Акимжанова Г.С. онлайн форматта ZOOM платформасы арқылы 5,7-сынып оқушыларымен бірге республикалық және халықаралық кітап басып шығару мұражайларына, көпшілік кітапханаларына сырттай экскурсия жасады.  
Іс шараның кіріспе бөлімінде мұғалім алғашқы қазақ кітаптарының басылуы, тарихы жайлы түсінік бере келе, тарих қойнауынан сыр шертетін Астанадағы ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан кітап мұражайына саяхат жасап, осы мұражайда сақталған көне басылымдармен, ХІХ-ХХ ғасырдың кітаптарымен және жаңа кітаптармен таныстырып өтті.   
С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы сирек кездесетін кітаптар мұражайына жасалған экскурсия барысында оқушылар жыр алыбы Ж.Жабаевтың 75 жылдық мерейтойына арналып 1938 жылы латын графикасында жарық көрген «Жамбыл» кітабымен, Алматыдағы сирек кітаптар мен көне газет-журналдар мұражайында сақталған Алаш арыстарының еңбектерімен танысты.
Экскурсия соңында балалар әлемдегі кітап қоры жағынан көлемі бойынша ең ауқымды, оқырманы өте көп, пайдасы ұшан-теңіз кітапханалардың алғашқы ондығы жайлы бейнематериалды тамашалады.  
Оқушылар экскурсия барысында көрген-білгендерін түйіндей келе,  өмірде кітап оқып, ілім жиған адамдар ғана жетістікке жететін ұғынды.